Маңғыстауда педагогтерге төлем жүргізу барысы түсіндірілді
Маңғыстау облысында педагогтердің жалақысы, еңбек демалысы ақысы және сауықтыру жәрдемақысын төлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл өңір бойынша 23 мыңнан астам педагогке тиісті төлемдер қарастырылған. Қаражат толық көлемде алдағы апта ішінде аударылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, маусым айының басында мамыр айының соңы мен маусым айының басында еңбек демалысына шыққан педагогтердің еңбек демалысы ақысы мен сауықтыру жәрдемақысының бір бөлігі төленген. Қазіргі уақытта қалған қаражатты аударуға қажетті төлем тапсырмалары әзірленіп, қазынашылық органдарына жолданған.
– Педагог қызметкерлерге жалақыны, еңбек демалысы ақысын және сауықтыру жәрдемақысын уақытылы төлеу – біз үшін басым міндеттердің бірі. Барлық қажетті рәсімдер белгіленген тәртіппен жүргізілуде. Бұл мәселе тұрақты бақылауда. Төлемдер облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген бірінші кезектегі шығыстар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылуда. Аталған тізімге еңбек демалысы ақысы мен сауықтыру жәрдемақыларынан бөлек, мемлекеттік білім беру тапсырысы, шәкіртақылар, әлеуметтік төлемдер және әлеуметтік маңызы бар өзге де шығыстар енгізілген, – деді Амантай Кумбаев.
Брифинг барысында Маңғыстау облыстық қаржы басқармасының басшысы Марина Альбекова өңірдегі бюджеттік қаржыландырудың қазіргі жағдайына тоқталды.
Басқарма басшысының мәліметінше, облыстық бюджеттен жалпы саны 497 ұйым қаржыландырылады. Оның ішінде білім саласына қарасты 365 мекеме бар. Бұлар – мектептер, балабақшалар мен колледждер.




