Конституциялық реформа контекстіндегі «Заң мен тәртіп» қағидаты
2026 жылғы 27 ақпанда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Талқылауға Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының, ғылыми қоғамдастықтың, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конституциялық реформа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және әділ Қазақстанның орнықты моделін қалыптастыруға бағытталған бастамаларының дәйекті жалғасы ретінде қарастырылды. Қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақ мерзімді бағдарларын белгілейтінін атап өтті.
Бас Прокурор Берік Асылов қатысушыларға арнаған сөзінде Негізгі Заңның Преамбуласында «Заң мен тәртіп» қағидатын бекіту оған іргелі конституциялық құндылық мәртебесін беретінін атап өтті. Ол қоғамдық құқықтық сананы нығайтуға және заң бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікке баса назар аударылып отырғанын айтты.




