Бүгін мектебімізде «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты мерекелік шара өтті.
Бұл күн – саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардақты ұстаздарымызға деген алғыс пен құрметтің мерекесі.
Шара ұстаздарымызды марапаттаумен басталып, оқушылардың түрлі өнерімен жалғасын тапты. Оқушылар би билеп, әдеби флешмоб оқып, домбыраның қоңыр үнімен жыр төкті. Жас мамандар және 11-сынып оқушылары хор орындап, “қазақ тілі бірлестігі” де ұстаздарға арнап әсем ән шырқады.
Салтанатты кештің ең ерекше сәті – біздің жаңа «Келешек мектебінің» ұраны шырқалды. Бұл ән – өнерлі жұптың, яғни «Сөз бен саздың» ортақ туындысы.
Әннің авторы – Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының артисі, көпқырлы музыкант, композитор, полиглот әнші, 11 аспаптың құлағында ойнайтын өнердің хас шебері – Рафхат Ізден.
Ал сөзін жазған – талантты ақын, үздік тілші мұғалім, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, «Жерұйық» өлеңі үшін ҚР елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлының қолынан төсбелгі алған, Орталық Азияның үздік поэтессаларының қатарындағы Жұмагүл Мұрсал.
Осындай мағыналы да рухты мерекелік кеш ұстаздарға деген құрметімізді айшықтап, мектеп өміріндегі жарқын сәттердің біріне айналды. 💚🫱🏼🫲🏾
